
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштері бойынша еліміздің үздік бес өңірінің қатарына енді. Жалпы өлім-жітім деңгейі 3,5%-ға төмендеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 14 медициналық нысан салынды. Бұл нысандарды пайдалануға беру ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар облыстық көпсалалы аурухана базасында ахуалдық орталық ашылды. Мәртөк, Хромтау және Байғанин аудандарындағы амбулаторияларға, облыстық көпсалалы ауруханаға, Жаңақоныс тұрғын алабындағы отбасылық амбулаторияға және бірқатар өзге де медициналық нысандарға күрделі жөндеу жүргізілді.
Дәрігерлер тапшылығы 21,5%-ға қысқартылды. 19 дәрігер шетелде біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен медицина мамандарын даярлауға 50 білім беру гранты бөлінді, оның ішінде бесеуі – бакалавриат деңгейіне арналған. Бірқатар медицина қызметкерлері жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Аудандық және шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерлерге қосымша ынталандыру шаралары енгізілді.
Салаға заманауи технологиялар да белсенді енгізілуде. Атап айтқанда, медициналық бейнелерді сақтау және талдау үшін жасанды интеллект элементтері бар PACS жүйесі іске қосылды. Шалғай аудандардағы тұрғындарға мамандандырылған консультация алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында телемедицина жүйесі дамытылуда. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңартылып, барлық санитарлық көліктер GPS-навигация жүйесімен жабдықталды. Бұл шақыртуларға жедел әрекет ету уақытын қысқартып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Биыл негізгі медицина бағыттары бойынша құзырет орталықтарын кеңейту, жаңа нысандар салу, соның ішінде облыстық қан орталығын тұрғызу, мобильді және цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ шалғай аудандардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, «Ұлы дала» шағын ауданында жаңа облыстық қан орталығының құрылысы жобасы қарастырылуда. Сонымен қатар кезең-кезеңімен құзыреттілік орталықтары мен мамандандырылған кабинеттер ашу көзделген. Олардың қатарында симуляциялық орталық, инсулин терапиясы мектептері, жастар денсаулығы орталықтары, сараптамалық эндоскопиялық орталық, «Диабеттік табан» және «Диабеттік ретинопатия» кабинеттері бар. Бұдан бөлек, республиканың батыс өңірі үшін онкогематологиялық және кардиохирургиялық орталықтарды ашу жоспарланып отыр.
Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандық ауруханаларындағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл медициналық мекемелерге ауданаралық орталық аурухана мәртебесі беріледі. Қайта құрылымдау «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Аталған ауруханалар үшін компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография аппараттарын сатып алу жоспарланған.
Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған шаралар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.