Қайтарылған активтер: Шалқар ауданының екі ауылында медициналық пункт ашылды

Қайтарылған активтер: Шалқар ауданының екі ауылында медициналық пункт ашылды

Нысандар Мемлекет басшысының халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы тапсырмалары аясында іске асты.  

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бершүгір ауылдық округіне қарасты Сарысай ауылында және Кішіқұм ауылдық округінің Шоқысу ауылында жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді.  

Медициналық пункттер «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды және облыстық бюджет пен елге қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды.  

Шоқысу ауылындағы бір ауысымда 20 адам қабылдайтын медициналық пункттің құрылысына жалпы 126,5 млн теңге бағытталды. Оның ішінде 46,1 млн теңге облыстық бюджеттен, 74,5 млн теңге Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Медициналық пункт ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.  

Ал Сарысай ауылында бір ауысымда 25 келушіні қабылдайтын медициналық пункт құрылысына жалпы 133,8 млн теңге қаражат жұмсалды. Оның 97,4 млн теңгесі - Арнаулы мемлекеттік қор есебінен.  

«Ауылымызда үлкен амбулатория ашылып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Нысанның ашылуына мүмкіндік жасаған Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, ауылымызда Рая Ақжапарова деген ақ халатты абзал жан бар, 40 жыл жұмыс істеп келе жатыр. Оған да рахметімізді айтамыз», - деп Сарысай ауылының тұрғыны Дариға Әлмұратова қуанышын жеткізді.

  Медициналық пункттердің ашылу салтанатына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серік Тажығұлов қатысты. Нысандардың ауыл тұрғындары үшін маңыздылығына тоқталды.  

«Ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімді болуы – біздің басты мақсатымыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар шалғай елдімекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа медициналық пункттер тұрғындар игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деді аудан әкімі.

   Екі нысан да заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, құрылыс барысында инклюзивтілік талаптары толық сақталды. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастырылып, медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалды.  

Медициналық пункттердің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етеді.  

Ақтөбе облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан ауылдық денсаулық сақтау саласы бойынша барлығы 11 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 7 нысан пайдалануға берілді, төртеуінің құрылысы аяқталуға жақын.