Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметтің жай-күйі талқыланды

Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметтің жай-күйі талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, басқарма, департамент басшылары қатысты. Басқосу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі көрсеткіштер мен өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Айбек Шілманов мемлекеттік қызметтің ағымдағы жағдайы бойынша баяндама жасап, өңірдегі кадр саясатының жай-күйі мен даму үрдістеріне тоқталды.

Бүгінде облыс бойынша 3877 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, бос орындар үлесі – 3,5%. Мемлекеттік қызметшілердің 92,3%-ы жоғары білімді, олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының 5 және Мемлекеттік басқару академиясының 21 түлегі бар. Әйелдердің үлесі – 57,5%.

Жиында ведомстволық бағынысты ұйымдарды Бірыңғай кадрлық жүйеге көшіру жұмыстары жайында да айтылды. Бүгінгі таңда 19 мекеме жаңа жүйеге енгізіліп, 2966 қызметкердің деректері цифрлық форматқа көшірілген. Жыл соңына дейін тағы 67 мекеме қосылады деп күтілуде.

Мемлекеттік қызметке дарынды түлектерді тарту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. GPA көрсеткіші жоғары түлектерді тікелей қабылдау арқылы 2023 жылдан бері 43 жас маман аудандық, ауылдық деңгейдегі лауазымдарға орналасты.

Айбек Шілманов баяндамасында әдеп нормалары мен жемқорлықтың алдын алу шараларын да айтып өтті. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында әдеп нормаларын бұзу фактілері өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсіп, 6 дерек тіркелді. Сонымен қатар, биыл жергілікті атқарушы органдардың 8 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде Шалқар, Ақтөбе қаласында бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік қызмет саласында орын алып отырған кемшіліктерді сынға алып, тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Оның сөзінше, әрбір мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік міндеттерін атқаруда жоғары жауапкершілік танытып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс.

«Мемлекеттік қызмет – бұл халықпен тікелей байланыста болатын, қоғам сеніміне негізделген жауапты сала. Бір қызметшінің қателігі немесе тәртіп бұзушылығы салаға деген көзқарасқа кері әсер ететіні анық. Осы орайда, қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың моральдық-этикалық келбетін қалыптастыру, тұрақты түрде әдеп пен құқықтық мәдениетке байланысты оқыту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Мемлекеттік қызметтің имиджі тек жоғары көрсеткіштермен емес, халықпен қарым-қатынастағы ашықтықпен, әділдікпен және адалдықпен өлшенеді. Бүгінгі талап – кәсіби, ашық әрі халыққа қызмет көрсетуге бейімделген мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасады», - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Облыс әкімі мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір екенін, сондықтан, бұл сенімге селкеу түсірмей, әр қызметші өз ісінде әділеттілік пен жауапкершілік қағидаларын басты ұстаным етуі қажеттігін еске салды. Барлық мемлекеттік қызметшіні мерекемен құттықтап, абыройлы қызмет тіледі.

Айтып өту керек, биыл Ақтөбе облысы мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық Спартакиадада чемпион атанды.