«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбе облысының тұрғындарына тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетеді. Өңірде болған уақытта 9 ауыл мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын қабылдайды.
Бүгін пойыз Ноғайты ауылынан жұмысын бастады. Әрі қарай Шұбарқұдық, Қарашоқат, Қотыртас, Қандыағаш, Мәртөк, Ақкемер, Кемпірсай станцияларына аялдайды.
Шұбарқұдықта пойыз 21-22 маусымда, Қарашоқатта — 23 маусым, Қотыртаста — 24 маусым, Қандыағашта — 25-26 маусым күндері қабылдау жүргізеді.
Мәртөк, Ақкемер және Кемпірсай ауылдарына пойыз шілде айында келеді. Мәртөк тұрғындары — 13-14 шілде күндері, Ақкемер — 15-17 шілде, Кемпірсай — 17-18 шілде мамандардың кеңесіне жүгіне алады.
29 дәрігер терапия, хирургия, педиатрия, кардиология, неврология, оториноларингология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология, функционалды диагностика, рентген және психология салалары бойынша қабылдайды.
Кеңес беруден бөлек, пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, қан талдауы және басқа да диагностикалық тексерулерден өтуге болады. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады. Барлық санитарлық және техникалық талаптар сақталған, пойыз заманауи жабдықтармен қамтылған.
Дәрігерлермен қатар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан келген заңгерлер мен медиаторлар ауыл тұрғындарын қабылдайды. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, сот және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беруге көмектеседі.
Ақтөбе облысындағы жұмысы аяқталған соң, пойыз БҚО, Қостанай өңірлеріне бағыт алады.