Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысы Б.Күзембаеваның ата-аналарға арналған үндеуі

Ақтөбе облысының білім басқармасы  басшысы Б.Күзембаеваның ата-аналарға арналған үндеуі

Құрметті ата-аналар!

Биылғы оқу жылы да өз мәресіне жетті. Облыс бойынша мектеп түлектері үшін ерекше, толғанысты сәт аттестат тапсыру рәсімдері            18-19 маусымда өтеді. Бұл - әр отбасының, әр білім беру ұйымының қуанышты мерекесі.

Дегенмен дәл осы сәтте біз баршамызға ортақ үлкен жауапкершілік артылатынын ерекше атап өткім келеді.  Өйткені мектептердегі аттестат тапсыру рәсімі аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлектер іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары еліміздің кейбір өңірлерінде аттестат алу рәсімінен кейін түлектердің қатысуымен бірқатар қайғылы оқиғалар орын алып отыр. Бұл жағдайлар баршамыз үшін үлкен сабақ болуы қажет.

Сол себепті, барлық ата-аналарды балаларыңыздың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырамын. Әсіресе, кешкі уақытта үйден тыс жерде ұзақ жүру, көлікпен жүріп тойлау, рұқсат етілмеген демалыс орындарында көпшілікпен жиналу, суға шомылу секілді қауіпті әрекеттерден сақ болуын қамтамасыз етулеріңіз аса маңызды. Біздің басты міндетіміз - балаларымыздың бұл қуанышты күнін тек жақсы көңіл-күймен, жарқын естеліктермен, оқыс оқиғасыз есте қалдыру.

Балаларыңызбен ашық әңгімелесіп, қауіпсіздік шараларын тағы бір еске салуды ұмытпауларыңызды сұраймын. Әрбір түлек - біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Олар үлкен өмір жолына аман-есен, сенімді түрде қадам басуы керек.

Алда олардың өміріндегі тағы жауапты кезең  - Ұлттық бірыңғай тестілеу және қалаған мамандығын таңдап, жоғары оқу орнына түсу сынағы күтіп тұр. Барша түлектердің осы сынақтан да сәтті өтіп, өз армандарын жүзеге асыруларына тілектеспін!

Баршаңызға амандық, балаларыңызға ақ жол тілеймін!