Ақтөбе қаласындағы Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында антибиотиктерді ұтымды пайдалану жөнінде семинар ұйымдастырылды. Семинарды Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармакология және клиникалық фармакология кафедрасының доценті, клиникалық фармаколог, PhD Айгүл Мусина жүргізді.
Семинар материалдарын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұсынды. Семинар барысында антибиотиктерге төзімділіктің негізгі себептері мен оның қоғамдық денсаулыққа тигізетін салдары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, антибиотиктерге төзімділіктің алдын алу және бақылау шаралары туралы айтылды.
Қатысушыларға ақпараттық брошюралар таратылып, тақырыптық бейнематериалдар көрсетілді. Бұдан бөлек, микробтардың дәріге төзімділігін төмендетуге бағытталған нақты қадамдарды ұсыну мақсатында шағын форсайт-сессия ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына аурухана дәрігерлері, резиденттер, медициналық университеттің кафедра қызметкерлері қатысты. Атап айтқанда, бас дәрігердің орынбасары Майра Нұрғалиева, жұқпалы аурулар кафедрасының ассистенті Светлана Қалмұрзиева Шалекенова, эпидемиолог Жәмилә Тәукенқызы Жұмағалиева, инфекционист-дәрігер Гүлнұр Аяғанқызы Аяғанова және резидент-дәрігерлер пікір алмасуға белсенді атсалысты.