Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы өтті. Іс-шара ҚХА-ның 30 жылдығына орайластырылды және биыл сәуір айында Мемлекет басшысының ҚХА-ның XXXIV сессиясында қойған міндеттерін іске асырудағы маңызды кезең болды.
Сессияға облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, «Ассамблея жастарының» өкілдері, мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Сессияны ашқан облыс әкімі Ассамблея өзінің 30 жыл ішінде этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін бірегей тұғырнамаға айналғанын атап өтті, сондай-ақ Мемлекет басшысы қойған міндеттерді дәйекті іске асырудың маңызына тоқталды.
«Этносаралық келісім мен бірлік – біздің өңіріміздің тұрақтылығы мен дамуының негізі. Барлық этникалық топтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылық мәдениетін қалыптастыруда және әр халықтың салт-дәстүрлерін құрметтеуде шешуші рөл атқарады. Біз жастар көшбасшылығын дамытуға және мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Облыстың барлық тұрғындары үшін үйлесімді және гүлденген болашақты қамтамасыз ету үшін бірігіп жұмыстануымыз қажет», - деді облыс әкімі.
Жиында негізгі баяндаманы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов жасады. Ол Президенттің тапсырмалары аясында өңірде этносаралық тұрақтылықты нығайту бойынша кешенді жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Этномедиацияны дамытып, жастар арасында мемлекеттік тілді ілгерілетуге, сондай-ақ этностардың мәдениеті мен өнерін дәріптеуге көңіл бөлінуде. Бұл бағытта ҚХА мүшелерінің қатысуымен республикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ассамблеяның жастар қанаты мәдениетті, тілді және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
«Осы бағытта Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында облыстық деңгейде жол картасы бекітілді.
Ендігі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі 13 жобасы облыстық басқармалардың, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінің атаулы даталар мен қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жоспарына енгізіледі», - деді Әлібек Байнешов.
Сондай-ақ, ол «Қоғамдық келісім» ғимаратын туристік картаға енгізу жұмыстары басталғанын және жыл соңына дейін аталған нысан мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мәдени көрмелер өткізу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ, барлық ауданда шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Достық керуені» көшпелі концерттік бағдарламасы өткізіледі. Сонымен қатар, «Елтану» және «Бірлігіміз – әлеуметтану» жобалары аясында этномәдени бірлестіктер мектеп және колледж оқушыларымен кездесулерін жалғастырады.
Сессия барысында «Родина.KZ» этномәдени бірлестік төрағасының орынбасары Виктория Сурай да өз пікірімен бөлісті. Бірлестіктер алдағы уақытта да мәдени және ағартушылық жобаларды дамыту арқылы бірлікті нығайтуға үлес қосуды жалғастырады.
Ал, жастарға қатысты бастамалар жайын Ассамблеяның жастар қанатының өкілі Якуб Тамаев айтып берді. Ол «Жастар Ассамблеясы» тек белсенді азаматтық қоғамдастық емес, сонымен қатар нағыз патриотизм мектебі екеніне тоқталды. Жастар бірлестігі қазақ тілін ілгерілету бойынша «SŪQBATTAS» подкасы, «Мәміле» клубы, «Söileqazaqşa» айдары сияқты жобаларды іске асырады, сондай-ақ этномедиация және медиа сауаттылық бойынша семинарлар, «Біздің заманның көшбасшылары» тренингтерін өткізеді.
«Қазақ тілі – елдің тарихы, мәдени және рухани мұрасы. Ол ұлт бірлігін қалыптастыратын құрал, мемлекеттік басқару тілі, азаматтық бірегейліктің белгісі», - деді Якуб Тамаев.
Сессия соңында марапаттау рәсімі өтті. Облысқа сіңірген еңбегі үшін ардагер-ұстаз Хабиба Сарқұловаға куәлік пен төсбелгі табысталды. Сондай-ақ, әзербайжандар қоғамының облыстық филиал төрағасы Рахиб Азизовті 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Біз бұл жұмысты бірлесіп жалғастыруымыз керек. Тек диалог және бір-біріміздің мәдениетіміз бен тілімізді құрметтеу арқылы ғана еліміздің тұрақты болашағын қамтамасыз ете аламыз», - деді сессияны қорытындылаған аймақ басшысы.
Денсаулық сақтау министрлігі 2025-2026 жылдары халыққа медициналық көмектің сапасын, қауіпсіздігін және тиімділігін арттыру мақсатында 500-ден астам клиникалық хаттаманы өзектендіруді жоспарлап отыр.
2013 жылдан бастап елде диагностика, емдеуді, медициналық оңалтуды және паллиативтік көмекті қамтитын 1133 клиникалық хаттама жұмыс істейді.
2018 жылға дейін клиникалық хаттамаларды әзірлеу, қайта қарау және сараптау Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының (ҰҒДСДО) үйлестіруімен бірыңғай регламент бойынша мемлекеттік тапсырманың шеңберінде жүзеге асырылды. Алайда, қызметтің бұл түрін бәсекелестік ортаға — бейінді медициналық қауымдастықтарға, ғылыми-зерттеу институттарына, ұлттық орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарына бергеннен кейін құжаттардың бірыңғай үйлестірілуі мен сапасы жоғалды.
Осылайша, 2022 жылы әзірленген 90 хаттаманың 46-сы (51%), 2023 жылы — 180-ден 45-і (25%), ал 2024 жылы-180-ден 9-ы (5%) мақұлданды.
Осыған байланысты 2024 жылғы желтоқсанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық хаттамаларды әзірлеу және қайта қарау қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа редакция барлық кезеңдерді өткізу мерзімдерін, аурулардың басымдылығын, КХ құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды реттейді, сондай-ақ диагностика мен емдеудің негізгі және қосымша әдістеріне саралауды енгізеді.
Сонымен қатар, 2024 жылы 543 қолданыстағы клиникалық хаттамаға, сондай-ақ ең көп қолданылатын және ресурстарды қажет ететін 70 КХ-ға ауқымды ревизия жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша 430 хаттаманы қайта қарау кестесі бекітілді: 2025 жылы — 230, 2026 жылы — 200. Әрбір хаттамаға жауапты ғылыми ұйымдар мен медициналық жоғары оқу орындары бекітілген.
2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін қағидаларды қосымша жетілдіру жөніндегі жұмыс аяқталады, оның ішінде:
Ақтөбе қаласындағы Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында антибиотиктерді ұтымды пайдалану жөнінде семинар ұйымдастырылды. Семинарды Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармакология және клиникалық фармакология кафедрасының доценті, клиникалық фармаколог, PhD Айгүл Мусина жүргізді.
Семинар материалдарын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұсынды. Семинар барысында антибиотиктерге төзімділіктің негізгі себептері мен оның қоғамдық денсаулыққа тигізетін салдары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, антибиотиктерге төзімділіктің алдын алу және бақылау шаралары туралы айтылды.
Қатысушыларға ақпараттық брошюралар таратылып, тақырыптық бейнематериалдар көрсетілді. Бұдан бөлек, микробтардың дәріге төзімділігін төмендетуге бағытталған нақты қадамдарды ұсыну мақсатында шағын форсайт-сессия ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына аурухана дәрігерлері, резиденттер, медициналық университеттің кафедра қызметкерлері қатысты. Атап айтқанда, бас дәрігердің орынбасары Майра Нұрғалиева, жұқпалы аурулар кафедрасының ассистенті Светлана Қалмұрзиева Шалекенова, эпидемиолог Жәмилә Тәукенқызы Жұмағалиева, инфекционист-дәрігер Гүлнұр Аяғанқызы Аяғанова және резидент-дәрігерлер пікір алмасуға белсенді атсалысты.
Ақтөбеде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Орталық саябақтағы басты Ту тұғыр алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.
Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, мемлекеттік қызметшілер, құқыққорғау органдарының өкілдері, жастар ұйымдары, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Қатысушылар Қазақ камералық хоры және эстрадалық үрмелі аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен Әнұранды орындады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көкке көтерілді.
Құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік рәміздердің патриотизм мен ұлттық сананы нығайтудағы рөлін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны — бұл біздің мемлекеттілігімізді күллі әлем алдында айқындайтын ең биік құндылықтарымыз. Рәміздер халқымызға ерекше рух береді, елге деген мақтаныш сезімін оятады. Бүгінде ақтөбеліктер спорт, ғылым мен мәдениет салаларындағы жетістіктерімен Қазақстан туын биікке көтеруде. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!», — деді өңір басшысы.
Іс-шара түрлі жас және түрлі мамандық иелерінің басын патриоттық рухта біріктіре отырып, әрбір жанға бірлік, ұрпақтар сабақтастығы мен Отанға деген сүйіспеншіліктің маңызын еске салды.
Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 маусымда аталып өтеді және ол — ұлттық бірегейлік пен тәуелсіздіктің құндылығын айқындайтын ел тарихындағы маңызды күн.
2025 жылғы 3 маусымда Олимпиадалық резервтің спорт залында медицина қызметкерлері арасындағы спартакиаданың соңғы кезеңі — волейбол жарысы өтті.
Жарысқа облыстың 15 медициналық ұйымынан жиналған командалар қатысты. Қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар бірлік, табандылық және жоғары командалық рух үлгісін көрсетті.
Бұл жарыс медицина қызметкерлерінің салауатты өмір салтын насихаттауға, әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға және кәсіби қажуды жеңілдетуге бағытталған маңызды шара болды.
Ұйымдастырушылар барлық командаларға алғыс білдіріп, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтады!
Балабақша ерекше балаларға арналған, 300 орындық. Құрылысы 2026 жыл аяқталады деген жоспар бар. Аталған жоба ерекше балалардың қолайлы ортада дамуы мен тәрбиеленуіне жағдай жасап, инклюзивті білім беру саласына серпін береді.
Еске салайық, нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражат есебінен бой көтеруде. Жобаның жалпы құны 8 млрд теңгеге жуықтайды.
Ақтөбе қаласы Есет батыр шағын ауданында ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 300 орындық арнайы балабақшаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жылдың 10 сәуірінде басталған жобаның облыс үшін әлеуметтік маңызы зор.
Бүгінгі күн мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша мердігер мекеме ретінде «Казстройподряд» ЖШС анықталып, келісімшарт жасалды. Техникалық қадағалауды «МАСТЕР Металл Пласт» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «Актюбгражданпроект» ӨК жүзеге асыруда.
Балабақша ғимараты ерекше архитектуралық шешіммен жобаланған. Жалпы аумағы 20 172,73 шаршы метрді құрайтын нысан гүл пішініндегі орталық және 5 екі қабатты блоктардан тұрады. Әр блок орталық атриуммен өткелдер арқылы байланысады. Орталық блокта қысқы бақ пен кіреберіс вестибюль орналаспақ.
Ал №1 блокта – тірек-қимыл аппараты бұзылған, №2 блокта көру қабілеті бұзылған, №3 блокта есту және сөйлеу қабілеті бұзылған және №4 блокта зияткерлік дамуында ауытқуы бар балаларға қызмет көрсетіледі, №5 блокта ортақ пайдалануға арналған үй-жайлар (медициналық бөлім, изолятор, акт залы, бассейн, әкімшілік және асхана бөлімі) және №6 блокта атриуммен табиғи жарық түсетін вестибюль, зал және консерватория болады.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаевпен бірге аталған нысанның құрылыс барысын, атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады. Жауапты мемлекеттік орган басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, өңір үшін әлеуметтік маңызы бар нысанға бөлінген арнаулы бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сай, мерзімінде сапалы аяқтауды міндеттеді.
Облыс әкімінің төрағалығымен аппарат мәжілісінде жергілікті тауарөндірушілерді дамыту және қолдау мәселелері қаралды.
Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков өңірде бүгінгі таңда СТ-КЗ сертификаты бар 145 кәсіпорын және индустриялық сертификаты бар 52 кәсіпорын жұмыс істейтінін мәлімдеді. Былтырғы жылдың соңынан бастап өңірлік нарықта бұрын облыста өндірілмеген тауарлар шығаратын жаңа өндірістер пайда болды.
Спикер жақында Мемлекет басшысы қол қойған елішілік құндылық пен отандық өндірісті дамытуға бағытталған заңға назар аударды. Заңға енгізілген түзетулер тиісті тізілімге енгізілген өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін көздейді.
«Қолдаудың маңызды бөлігі жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті өндірушілер арасында үшжақты мен оффтейк-келісімшарттар жасасу болды. 6 жер қойнауын пайдаланушы мен 40 жергілікті өндіруші арасында 3 жыл мерзімге отандық өнімді кепілдендірілген сатып алуға үшжақты келісімдер жасалды. Қосымша тағы үш келісім жасасу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Сатып алудың проблемалық мәселелерін шешу үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттік құрылымдар арасында сатып алуды оқшаулау мониторингі жөніндегі комиссияның отырыстары ұдайы өткізіліп тұрады. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін өндірістік турлар өткізіледі, бұл жергілікті өнімді ілгерілетуге ықпал етеді», - деп түсіндірді Досжан Әлібеков.
Оның айтуынша, ынтымақтастықты насихаттау және кеңейту мақсатында жергілікті өндірушілердің каталогі құрылды, ол ірі компанияларға және елдің басқа өңірлеріне жіберіледі.
2024 жылы өндірісті толықтай жүктеуді қажет ететін 13 кәсіпорын анықталды. Қазіргі уақытта олардың 8-і – 100% қуатпен жұмыс істейді, қалғандары – жүктеу мәселелерін шешу сатысында. Бұл үшжақты келісімдердің және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өндірушілердің өнімдерін міндетті пайдаланудың арқасында мүмкін болды.
Қолдау жөніндегі қосымша шара ретінде мердігерлер үшін құрылыс басқармасыжетекшілік ететін «Е-Құрылыс» порталы арқылы тұрғын үй объектілерін салу кезінде жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану міндеттемелерін енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ биыл Ақтөбеде отандық өндірушілерді қолдау үшін «Қазақстанның үздік тауары» көрмесін, инвестициялық форум және жабдықтар мен технологиялардың халықаралық көрмесін өткізу жоспарлануда.
Облыс әкімі жергілікті өндірісті одан әрі дамытудың маңызына тоқталып, барлық мүдделі тараптар алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды.
«Отандық өндірушілерді қолдау — экономикалық тұрақтылықтың кілті. Біз бүгінде импорттайтын тауарларды шығаруды жолға қойып, бюджеттік жобалардағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруымыз қажет. Ел ішінде мүмкіндігінше көп өнім өндіруге ұмтылуымыз керек», - деп атап өтті әкім.
Мерекенің басты салтанаты «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының жанында өтті. Балалар мен олардың ата-аналары үшін шығармашылық және ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды. Алаң ертемен көңілді әуенге, көтеріңкі көңіл-күйге толы атмосфераға орнады. Балғындар түрлі байқауларға, ойындар мен көрмелерге қатысты.
Мерекелік іс-шараға қатысқан аймақ басшысы Асхат Шахаров, балалар мен ата-аналарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
«Жаздың алғашқы күнінде ең маңызды мерекелердің бірі – Балаларды қорғау күнін атап өтеміз. Әр ата-ана үшін ең үлкен бақыт – баласының адал, еңбекқор, саналы азамат болып өскенін көру. Ал мемлекет алдындағы басты міндет – еліміздің ертеңі болатын білімді, дені сау әрі отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге барлық жағдай жасау. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел тірегі. Әр бала мейірім мен махаббатқа, қамқорлыққа бөленсін», – деді Асхат Шахаров құттықтау сөзінде.
Өңір басшысы балаларға мықты денсаулық, бақытты балалық шақ, жарқын әсерлер, сенімді достар мен үлкен жетістіктер тіледі. Сонымен қатар, ата-аналар, мұғалімдер және бүкіл қоғамның қолдауы арқылы өсіп келе жатқан ұрпақ өз елінің лайықты азаматы болып қалыптасатынына сенім білдірді.
Мереке мазмұнды бағдарламамен жалғасын тапты. Әр ұйым алуан тақырып бойынша арнайы алаң әзірледі: колледждер мен техникалық шығармашылық орталығы робототехника және модельдеу саласындағы жетістіктерін көрсетті, оқушылар өздерінің ғылыми және шығармашылық жобаларын таныстырып, қонақтардың үлкен қызығушылығына ие болды. Көркемсурет лицейі жас қылқалам иелерінің жұмыстарынан көрме ұйымдастырды. Балалар ашық аспан астында сурет салып, өз өнерлерін ортаға салды.
Музыка мектептерінің оқушылары сахнада ән-жырдан шашу шашып, хореография студияларының тәрбиеленушілері өздерінің жарқын би нөмірлерін ұсынды.
Әсіресе бүлдіршіндердің жарысы мен арбалар шеруі көпшілік қызығушылығын туғызды.
Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар кішкентай қонақтарды өз мамандықтарының ерекшеліктерімен таныстырды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.
Ал сахна төрінде түрлі қосымша және жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілері қатысқан әсерлі мерекелік концерт өтті. Көрермендер Қазанғап атындағы өнер мектебі, Қ. Жұбанов атындағы музыкалық колледж, №1 және №3 балалар музыка мектептері, «Саз» студиясы, сондай-ақ «Media pro», «MEGA STARS», «Тұран» орталықтарының дарынды бүлдіршіндерінің өнерінен ерекше әсер алды. Концерт көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.
Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Осыған орай, Түйетөбеде облыс жұртшылығымен шара өтті.
Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғам қайраткерлері мен қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары қатысты. Жиналғандар боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
2025 жылғы 29 мамырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Отбасы – тәрбие бастауы» онкүндігі аясында «Салауатты ұрпақ – ұлт байлығы» атты III Халықаралық форум өтті.
Іс-шараның мақсаты - жаһандық өзгерістер жағдайында жастарға сапалы білім беру мен психологиялық қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған тиімді стратегиялар мен шешімдерді ұсыну.
Ауқымды шараға жоғары санатты психолог мамандар, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, БҰҰ, жастар саясаты салалары сарапшылары, Ұлттық комиссия, жергілікті басқарма және құқық қорғау органдары өкілдері, сонымен қатар еліміздің 15-ке жуық жоғары оқу орындарынан және Өзбекстан, Ұлыбритания елдерінің университеттерінен ғалымдар қатысты.
Университет ректоры, форум модераторы Лаура Қарабасова қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл шара өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты әрекеттерге бастайтын алаң екенін атап өтті.
Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы жастарға уақытында психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі уақытта жастардың психологиялық денсаулығы – қоғамымыздың өзекті мәселелерінің бірі. Түрлі әлеуметтік, отбасылық, жеке мәселелер – мұның барлығы жастардың менталдық денсаулығына әсер ететіні сөзсіз. Психологиялық қолдау – бұл тек емдеу немесе кеңес беру емес, ол – сенім қалыптастыру, әрбір жасқа өзінің жалғыз емес екенін сезіндіру. Біз жастарымызға уақтылы қолдау көрсете білсек, олардың өмірлік жолын жеңілдетіп, табысты болашағына жол ашамыз», - деді ол.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары, саясаттанушы Жұлдызай Искакова Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Ұлттық комиссия көтерген бастамаларға тоқталды.
«Балалар мен жастардың қауіпсіздігіне әсер ететін факторлар әрдайым басты назарда. Атап айтқанда, әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және суицидтің алдын алу бағытында нақты бастамалар жүзеге асырылуда. Жастардың сапалы білім алуы мен тәрбиесі – мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара үйлесімді іс-қимылды жолға қоюымыз қажет», – деді ол.
«AMANAT» партиясы хатшысы, партияның әйелдер қанатының төрайымы, Ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова жастарға бағыт-бағдар берудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі ақпарат ағыны, жаһандық тұрақсыздық, әлеуметтік желілердің ықпалы – бәрі жастарға елеулі қысым түсіреді. Сондықтан біз олардың ішкі әлеуетін дамытатын орта қалыптастыруымыз керек. Сонда жастар кез келген қиындыққа дайын болады», – деді ол.
Сонымен қатар жиында КИМЭП университетінің психология профессоры, магистратура және ғылыми зерттеулер жөніндегі деканның орынбасары, доктор Херман Гроблер жаһандық өзгерістер жағдайында жастардың психологиялық денсаулығын сақтау және жүйелі қолдау тетіктері туралы ой-пікірін ортаға салды.
Форум аясында сондай-ақ сараптамалық пікірталастар өтіп, жастардың психикалық денсаулығын қорғау, білім беру жүйесін заманауи талаптарға бейімдеу және тәуекелдерді басқару стратегиялары ұсынылды.