Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің 100 жыл және одан да астам тарихы бар білім беру ұйымдарымен кездесу өткізді. Бұл жиын білім беру саласының тарихында алғаш рет ұйымдастырылған маңызды шара. Кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен тарихи тамыры терең білім ордалары қатысып, олардың білім беру жүйесіндегі орны мен маңыздылығы талқыланды.
Ақтөбе облысынан кездесуге 11 мектеп пен 1 колледж қатысты. Атап айтқанда Ақтөбе қаласынан №22 OM (101 жыл), №№2 ОМГ (105 жыл), Шалқар қаласынан №1 ОМГ (100 жыл), №5 МЛ (117 жыл), Қобда ауданынан Талдысай орта мектебі (113 жыл), Қобыланды батыр атындағы орта мектеп (120 жыл), Мәртөк ауданынан Вознесеновка ОМ (115 жыл), Жайсаң ОМ (110 жыл), Қызылжар ОМ (112 жыл), Полтавка ОМ (100 жыл), Ырғыз ауданынан Ы. Алтынсарин атындағы ОМ (161 жыл) және Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі (102 жыл).
Кездесу барысында Ырғыз ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры В. Машина сөз сөйлеп, білім ордасының тарихына тоқталды. Ол 1864 жылы ашылған мектептің өңірдегі алғашқы білім ошақтарының бірі екенін және Ахмет Байтұрсынұлы мен Спандияр Көбеевтің осы мектепте болып, шәкірттерге сабақ бергенін атап өтті.
- Министр Ғани Бейсембаев тарихи мектептердің тәжірибесі мен дәстүрлерін қазіргі білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Ғ.Бейсембаев бұл білім беру ұйымдарының стратегиялық даму жоспарын жасауды тапсырды. Ырғыз ауданының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динагүл Бекниязова: «Бұл кездесу – тарихи мектептердің тәжірибесімен бөлісуге, дәстүрлерін жаңғыртуға зор мүмкіндік. Алаш зиялылары сабақ берген мектептің мұғалімі болу – үлкен жауапкершілік. Мұндай шаралар жалғасуы керек.» Ақтөбе қаласындағы №2 мектеп-гимназия директоры Бек Байбулов: «100 жылдан астам тарихы бар мектептердің басын қосқан бұл кездесу – ұлттық ағарту жүйесінің маңызды бөлігі. Осындай мектептерден көптеген белгілі тұлғалар шықты, ал олардың ұстаздары педагогиканың алтын қорын қалыптастырды. Бұл кездесуден көп тәжірибе алып, тарихи мұраны насихаттауға ынталанып отырмыз"