Бүгін Ақтөбе қаласында «Жобалық менеджмент – мектепте!» жобасы аясында жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған оқыту семинары басталды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен, Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Жобалық кеңсе, Ақтөбе облыстық білім басқармасы және «Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткізілуде.
Семинардың ашылу рәсімі бүгін сағат 9:30-да «Aqtas» бизнес орталығында өтті. Оған білім саласының өкілдері, жобалық басқару мамандары, мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
«Жобалық менеджмент – мектепте!» жобасы алғаш рет 2023 жылы Ақтөбеде пилоттық режимде жүзеге асырылған болатын. Биыл жоба өз жалғасын тауып, қатысушылар жобалық басқару технологияларын меңгеру арқылы жұмыс тиімділігін арттыруды және оқушылардың жобалық дағдыларын дамытуға ықпал етуді мақсат етуде.
Семинар барысында қатысушылар 40 академиялық сағат көлемінде жобаларды басқарудың негізгі тұжырымдамаларын, өңірлік жобаларды жүзеге асырудың әдістерін, қаржы және тәуекелдерді басқару, мүдделі тараптармен жұмыс істеу және жобаның өмірлік циклі сияқты маңызды тақырыптарды меңгеретін болады. Семинар соңында тыңдаушылар «Идеялар фабрикасына» өз жобаларын ұсынып, тәжірибелік дағдыларын көрсетеді.
Бұл оқыту семинары Ақтөбе өңіріндегі білім беру мекемелерінің жобалық басқару саласындағы әлеуетін арттыруға, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Семинар 29 наурызға дейін жалғасады.