НЗМ ЖЕЛІСІНІҢ 1000 ДОМБЫРАШЫСЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ КҮЙЛЕРІН БІР КЕЗДЕ ОРЫНДАДЫ

НЗМ ЖЕЛІСІНІҢ 1000 ДОМБЫРАШЫСЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ КҮЙЛЕРІН БІР КЕЗДЕ ОРЫНДАДЫ

Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Keruen City» сауда ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған домбырашылар флешмобы өтті. Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өткен шараға түрлі ұлттық аспаптарда ойнаған 50-ден астам жас таланттар қатысты. Оркестр құрамында Зияткерлік мектептің мұғалімдері, тіпті ата-аналары да болды.

Флешмобтың мақсаты – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдау және ұлттық аспабымыз домбыра мен күй өнерін насихаттау. Бұл шара жыл сайын өткізіледі және республиканың барлық 21 Зияткерлік мектебінде бір уақытта іске қосылады.

Бұл флешмобтың ерекшелігі – күйлерді шебер орындайтын оқушылар санының жыл сайын артуы. Шара барысында мектептің «Ақжелең» ұлт-аспаптар оркестрі ұлы Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін және Дәулеткерейдің «Көргұлы» шығармаларын орындаса, хор мүшелері «Батырлар ұраны», «Алға, Қазақстан» әндерін шырқады. Флешмоб ұйымдастырушылары сауда ойын-сауық орталығының көрермендері үшін «Күй шертіп, сыйлық ал» ойынын өткізді, ол үшін НЗМ оқушылары қолдан жасалған сыйлықтар дайындады.

Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» желісінің 1000-нан астам домбырашылары бір мезгілде еліміздің барлық қалаларында қазақ халқының күйлерін орындады.