Ақтөбе облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарының басшылары талқылады.
Кеңес Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның төрағалығымен өтті. Оған Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Нұрлыбек Жолаев, Ақтөбе облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Суентаев, Ақтөбе қаласындағы 121 мектептің және облыстағы 37 колледждің директорлары қатысты.
Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен зорлық-зомбылықтың профилактикасы, сондай-ақ білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қаралды. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және білім беру ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылына да ерекше назар аударылды.
Н. Жолаев пен Н. Суентаев профилактикалық жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтіп, білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту және ықтимал қауіп-қатерлерге уақтылы ден қою бойынша ұсыныстарын білдірді.
Кеңес қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына қолданыстағы қауіпсіздік шараларын талдап, ықтимал тәуекелдерді анықтау және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарында олардың қауіпсіз болуына жағдай жасау білім беру жүйесі жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.