
Ақтөбе облысында білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті.
Іс-шараға 400-ден астам білім беру ұйымдарының басшылары – мектеп директорлары, колледж директорлары, сондай-ақ аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары қатысты.
Жиын барысында мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнама талаптары, сатып алу рәсімдерін ұйымдастырудың негізгі қағидаттары және тапсырыс берушілер тарапынан жіберілуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының басшылары мен мемлекеттік сатып алуға жауапты мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу.
Жиында Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Айгуль Абудуллина, сот судьялары Серік Табанов және Асылхан Абилгазина мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптары мен сот практикасына қатысты түсіндірмелер берді.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысының білім беру ұйымдары мемлекеттік сатып алу процесіне 435 тапсырыс беруші ретінде қатысады. Ағымдағы жылы білім беру саласында жалпы сомасы 5,1 млрд теңгеден астам қаражатқа 5 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілді.