Ақтөбе облысында білім саласының өзекті мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысында білім саласының өзекті мәселелері талқыланды

Білім саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырханның төрағалығымен өтті.
Кеңеске білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері, сондай-ақ қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары қатысты. Жалпы кеңеске офлайн форматта 15, ZOOM платформасы арқылы 20 адам қатысты.
Кеңес барысында білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жекелей алғанда, қатысушылар оқу орындарының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін, өрт қауіпсіздігі қағидаларының сақталуын, жаңа білім беру нысандарының құрылыс барысы мен оларды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді, сондай-ақ ұйымдардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін қарастырды.
 Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, заңнама талаптарын қатаң сақтау және балалардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар енгізді.
Облыс әкімінің орынбасары білім беру ұйымдарындағы өзекті мәселелер бойынша жұмыстарды сапалы аяқтауды, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасауды, сондай-ақ жауапты мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.