Ақтөбе облысында жаңа оқу жылына дейін 7 жаңа мектепті ашу жоспарлануда

Ақтөбе облысында жаңа оқу жылына дейін 7 жаңа мектепті ашу жоспарлануда

Облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындығы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның мәліметінше, жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 20 234 баланы қабылдау жоспарланған. Бүгінде 17 413 баланың ата-анасы оқуға қабылдау үшін құжат тапсырған. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Қазіргі уақытта облыста 7 120 орынға арналған 15 мектеп, сондай-ақ IT-хаб пен арнайы балабақша салынып жатыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалпы сыйымдылығы 5 030 орын болатын 7 жаңа мектепті ашу және №8 орта мектеп пен Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназияға салынған екі қосымша ғимараттың құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Ақтөбе қаласында «Алтын Орда» шағын ауданында, «Оңтүстік-Батыс-2» және «Шилісай-1» тұрғын алаптарында үш мектеп ашылады. Тағы төрт мектеп Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында, Темір ауданының Кеңқияқ және Шұбарқұдық ауылдарында, сондай-ақ Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылында ашылады.