
Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептердің жаңа оқу жылын бастауға дайындығын бағалау жұмыстары жалғасуда.
Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Ғабдушев білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Жұмыс тобының құрамында Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаева, Ақтөбе облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева болды.
Сапар аясында Ақтөбе қаласының «Оңтүстік-батыс» тұрғын алабында орналасқан 300 орынға арналған №87 мектепке барылды. Нысанда құрылыс жұмыстары аяқталған, қазіргі уақытта мектепті оқушыларды қабылдауға дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа мектептің ашылуына байланысты осы шағынауданда орналасқан №10 мектептің кейбір сынып-комплектілері жаңа білім беру ұйымына ауыстырылады. Бұл қолданыстағы мектепке түсетін жүктемені азайтып, оқушыларға білім алуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.