
Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Ғабдушев «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің оқушыларды қабылдауға дайындығымен танысты.
Сапар барысында Нұрлан Ғабдушев Ақтөбе қаласының «Алтын Орда» тұрғын алабында орналасқан №81 мектепке барды. Білім беру ұйымы 900 оқушыға арналған. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, мектепті оқушыларды қабылдауға дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Мектепте заманауи білім беру үдерісін ұйымдастыруға қажетті жағдайлар жасалған. Қыздар мен ұлдарға арналған еңбекке баулу кабинеттері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеттері, STEM-зертханалар, кітапханалар, акт залы мен спорт залдары қарастырылған. Спорттық инфрақұрылым бастауыш, негізгі орта және жоғары сынып оқушыларының оқу-жаттығуларына арналған қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Мектепте кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім беру ортасының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында лифт және арнайы санитарлық бөлмелер қарастырылған.
Мектептің оқу үдерісіне дайындығымен танысу барысында Нұрлан Ғабдушев оқу кабинеттері мен инфрақұрылымның жай-күйін, қажетті жабдықтардың бар-жоғын және жұмыс істеу жағдайын, сондай-ақ бейнебақылау жүйесі мен серверлік жабдықтардың жұмысын тексерді.