Ақтөбе облысының колледждерімен танысу – Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі

Ақтөбе облысының колледждерімен танысу – Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі – еліміздің тау-кен және өнеркәсіп салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын өңірдегі жетекші білім беру ұйымдарының бірі. Бүгінде колледж техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің флагмандарының біріне айналып, республика көлемінде үлкен беделге ие.
Колледждің тарихы 1979 жылдың шілде айынан бастау алады. Оқу орны Дон кен-байыту комбинаты үшін кәсіби мамандар даярлау мақсатында құрылған. Өзінің даму жолында колледж бірнеше кезеңнен өтіп, білім беру бағыттарын кеңейтіп, материалдық-техникалық базасын нығайтты. Дегенмен оның басты мақсаты – өндіріс саласына қажетті білікті кадрлар даярлау миссиясы өзгерген жоқ.
 2019 жылдан бастап оқу орны жоғары колледж мәртебесіне ие болып, заманауи білім беру технологияларын енгізуді, халықаралық ынтымақтастықты дамытуды және өндіріс орындарымен байланысты нығайтуды жалғастырып келеді. Колледждің негізгі әлеуметтік серіктесі – «ТНК «Қазхром» АҚ-ның филиалы Дон кен-байыту комбинаты.
 Колледжде келесі сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярланады:
- Пайдалы қазбалар кен орындарын жерасты игеру;
- Пайдалы қазбаларды байыту (кен байыту);
- Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану;
- Дәнекерлеу ісі;
- Маркшейдерлік іс;
- Тамақтандыруды ұйымдастыру;
- Есептеу техникасы және ақпараттық желілер;
- Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау технологиясы мен техникасы;
- Жүк көтергіш машиналар мен транспортерлер;
-Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту.
 Колледждің жетістіктері:
- Халықаралық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті;
- Electrical бағыты бойынша халықаралық салалық NCCER аккредиттеуінен өтті;
- «Кәсіби маман – 2025» республикалық байқауының Гран-при иегері атанып, «Қазақстанның үздік колледжі» атағына ие болды;
- Қазақстандағы алғашқы «Profi-Start» тау-кен металлургия саласының сертификатталған білім беру-өндірістік кластерін құрды;
- WorldSkills Kazakhstan, TurkicSkills, ERGSkills және халықаралық чемпионаттарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді;
- Индустрия 4.0 технологияларын енгізіп, заманауи VR-зертханалар мен тау-кен машиналары зертханаларын іске қосты.
Колледж бүгінде дуальды оқыту жүйесін дамыту, инновациялық өндірістік технологияларды енгізу және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында табысты жұмыс істеп келе жатқан заманауи білім беру алаңы болып табылады.
 Колледждің стратегиялық мақсаты – 2030 жылға қарай Ұлттық индустриялық-тау-кен хабына айналып, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды енгізу бойынша көшбасшы болу.
Құжаттар eGov.kz порталы арқылы қабылданады.
 Талапкерлер 9 және 11-сынып базасында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, сондай-ақ жекелеген мамандықтар бойынша ақылы негізде оқуға түсе алады.
 Оқудың артықшылықтары:
✔ Көптеген мамандықтар бойынша тегін оқу;
✔ Заманауи зертханалар мен оқу шеберханалары;
✔ Дуальды оқыту жүйесі және жұмыс берушілермен тығыз байланыс;
✔ Өндірістік тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу мүмкіндігі;
✔ Халықаралық және республикалық кәсіби шеберлік байқауларына қатысу.

 Байланыс ақпараты:
 Қабылдау комиссиясының телефондары:
8 (71336) 2-10-46
+7 (776) 239-81-85

Жұмыс уақыты:
дүйсенбі – жұма, сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін.