Ақтөбе облысында жазғы демалыспен 178 мыңнан астам оқушы қамтылады

Ақтөбе облысында жазғы демалыспен 178 мыңнан астам оқушы қамтылады

Ақтөбе облысында балалардың жазғы сауықтыру науқаны жалғасуда. Биыл өңірде жазғы демалыстың түрлі түрлерімен 178 095 бала қамтылады.
Оқушылардың сүйікті демалыс орындарының бірі – «Шұғыла» қала сыртындағы сауықтыру лагері. Биыл мұнда әрқайсысы 290 балаға арналған жеті ауысым өткізу жоспарланған. Жаз бойы лагерьде облыстың әр өңірінен келген екі мыңнан астам бала демалады.
Бүгінгі таңда лагерьде екі ауысым аяқталды. Бірінші ауысымда Ақтөбе облысы білім басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында 210 баланың демалысы ұйымдастырылды.
Алғашқы ауысымда Ойыл және Байғанин аудандарының балалары, екінші ауысымда Әйтеке би ауданының оқушылары демалды. Үшінші ауысымда Темір ауданының, төртінші ауысымда Алға және Қарғалы аудандарының балалары тынығады. Ал қалған ауысымдарда Ақтөбе қаласының оқушылары демалады.
Қала сыртындағы лагерьлерден бөлек, өңірде балалардың жазғы бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін басқа да демалыс түрлері қарастырылған. Жаз мезгілінде 7 сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь және қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы 49 жазғы алаң жұмыс істейді. Мектеп жанындағы лагерьлерде 167 471 бала, туристік сапарлармен 35 мыңнан астам оқушы, ал қосымша білім беру ұйымдарының жазғы алаңдарында 25 мыңнан астам бала қамтылады.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Олар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалумен қамтамасыз етіледі.