Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Ақтөбедегі туған мектебіне барды

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Ақтөбедегі туған мектебіне барды

Ақтөбедегі М. Құрманғалиева атындағы №32 гимназияда әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген-ді оқушылар, мектеп педагогтары және білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қарсы алды.

Сапар барысында өнер иесі балалық шағынан таныс мектеп дәліздерін аралап, өзі білім алған сыныптарға кіріп, үлкен өнер жолына бастау болған мектеп сахнасына көтерілді. Мектептегі жылдарын еске алған Димаш бала кезінде бұл сахна өзіне әлдеқайда үлкен болып көрінгенін айтты.
Туған мектебін аралаған әнші оқушылық шағынан сыр шертіп, қызықты естеліктерімен бөлісті. Балалық күндерімен байланысты жарқын сәттерді еске алып, мектептің әр бұрышын қызығушылықпен тамашалады. Сондай-ақ ол көптеген жылы естеліктер сақталған мектеп асханасына да бас сұқты.
Құрметті қонаққа гимназия оқушылары арнайы музыкалық бағдарлама ұсынды. Олар Димаштың әндерін орындап, өнер иесінің ықыласына бөленді. Кездесудің ерекше сәттерінің бірі мектеп оркестрімен бірге әйгілі «Адай» күйінің орындалуы болды.
Димаш Құдайбергеннің бұл сапары туған мектепке ерекше жылылық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шынайы естеліктерге толы жүздесу, еркін әңгіме мен жылы қарым-қатынас бұл кездесуді көпшілік үшін әсерлі әрі есте қаларлық сәттердің біріне айналдырды.