Жазғы мектеп жанындағы алаңдар

Жазғы мектеп жанындағы алаңдар

 Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға, қабілеттерін дамытуға және денсаулығын нығайтуға бағытталған мектеп жанындағы алаңдардың жұмысы ұйымдастырылуда. Осындай жазғы демалыс пен білім беру орталықтарының бірі – №20 мектеп-лицейі. Мұнда оқушылар үшін түрлі тақырыптық алаңдар жұмыс істейді.

Оқушылардың жазғы демалысын қызықты, белсенді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін бірнеше бағыт қарастырылған.

 Спортты сүйетін оқушылар дене шынықтыру пәні мұғалімінің жетекшілігімен жұмыс істейтін «Күншуақ доп» алаңына қатысады. Мұнда олар спорттық ойындар, жарыстар және дене дайындығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысады.

 Жас оқырмандар үшін «Кітаптар ғаламшары» алаңы жұмыс істейді. Бұл алаң оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге және әдебиетке деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.

 Нақты ғылымдарға қызығушылық танытатын оқушылар «Сандар академиясында» қызықты тапсырмалар, логикалық ойындар мен математикалық сайыстар арқылы білімдері мен дағдыларын жетілдіреді.

 English Summer Camp тілдік алаңында оқушылар ағылшын тілін ойын және қарым-қатынас арқылы меңгеріп, викториналарға, шығармашылық жобаларға және интерактивті сабақтарға қатысады.

 «Жазғы алхимиктер» алаңы химияға қызығатын оқушыларды біріктіреді. Мұнда балалар ғылымның ғажайып әлемімен танысып, қауіпсіз тәжірибелер жүргізіп, химиялық үдерістер туралы білімдерін кеңейтеді.

 «Тіршілік әлемінің құпиялары» алаңы оқушыларға табиғатты және тірі ағзалардың алуан түрлілігін зерттеуге мүмкіндік береді. Балалар танымдық сабақтарға, бақылауларға және зерттеу жұмыстарына қатысады.

🇰🇿 Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында «Тіл керуені. Келіңіз, 10 күн» алаңы жұмыс істейді. Бұл алаң қызықты ойындар, байқаулар мен шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушылардың қазақ тіліндегі коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.

 Шығармашылық қабілеті жоғары оқушылар «Бірлік» театр алаңында өз өнерлерін шыңдай алады. Олар қойылымдарға қатысып, сахналық этюдтер дайындап, мәдени іс-шараларға белсенді араласады.

Бастауыш сынып оқушылары үшін «Білім калейдоскопы» танымдық алаңы ұйымдастырылған. Мұнда сабақтар ойын түрінде өткізіліп, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалады.