Болашақ мамандыққа бастар қадам

 Болашақ мамандыққа бастар қадам

Ақтөбе облысында Облыстық білім басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан SKILLS CAMP кәсіби бағдар беру жобасы жалғасуда. Жоба оқушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға, сұранысқа ие мамандықтармен ерте таныстыруға және болашақ кәсіпті саналы түрде таңдауға бағытталған.
Жобаның маңызды алаңдарының бірі – Сервис колледжі. Мұнда жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін тігін ісі бағыты бойынша арнайы сабақтар ұйымдастырылуда. Оқушылар сұранысқа ие мамандықпен танысып, кәсіби білім беру әлеміне алғашқы қадамдарын жасауда.
 Бағдарлама қатысушылары екі апта бойы тігін өндірісінің ерекшеліктерімен танысып, заманауи құрал-жабдықтардың жұмысын көреді, киім үлгілеу мен құрастырудың негіздерін меңгереді және өндірістік оқыту шеберлерінің жетекшілігімен тәжірибелік дағдыларға машықтанады.
 Жобаның басты мақсаты – жасөспірімдерге болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының маңызын түсіндіру және кәсіби өсу мүмкіндіктерін көрсету.
 Сабақ барысында оқушылар оқу шеберханаларында болып, өндірістік үдерістерді бақылайды, материалдармен және құралдармен жұмыс істеуді үйренеді, тігін шеберлігінің алғашқы қыр-сырын меңгереді. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп саласындағы еңбек нарығы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат алады.
 SKILLS CAMP жобасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту аясында өз жұмысын жалғастырып келеді. Бұл бастама мектеп оқушыларына болашақ мамандығын өз көздерімен көріп, қабілеттерін ашуға және мектеп қабырғасында жүріп-ақ құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.