
Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның төрағалығымен мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, білім бөлімдерінің басшылары мен өңір мектептерінің директорлары қатысты.
Кездесу барысында мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі, қауіпсіздік талаптарын сақтау және білім беру үдерісіне қатысушылардың жауапкершілігі мәселелері қаралды. Сондай-ақ салалық ведомстволардың өкілдері түлектер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған қолданыстағы талаптар мен ұсынымдарды түсіндірді.
Кеңес барысында ата-аналар қауымдастығымен профилактикалық шаралар және мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде белгіленген ережелерді сақтау мәселелері де талқыланды.