Ақтөбе облысының колледж педагогтері арасындағы облыстық спартакиадаға 500-ден астам педагог қатысты

 Ақтөбе облысының колледж педагогтері арасындағы облыстық спартакиадаға 500-ден астам педагог қатысты

Ақтөбе облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері арасында республикалық спартакиаданың облыстық кезеңі өтті. Ауқымды спорттық шараға өңірдегі 21 колледжден 500-ден астам қатысушы жиналды.
Спорттық мереке Ақтөбе облысының білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар кәсіби бірлікті нығайтуға, достық қарым-қатынасты дамытуға және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Спартакиада бағдарламасына спорттың 9 түрі енгізілді. Атап айтқанда, шағын футбол, ерлер және әйелдер волейболы, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, сондай-ақ ұлттық және күштік спорт түрлері — арқан тарту, асық ату және бес асық бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Сайыстар Ақтөбе қаласындағы колледждердің спорт алаңдарында өтті.
Тартысты әрі әсерлі өткен ойындардың қорытындысы бойынша облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталды. Енді осы командалар 1–6 маусым аралығында Шымкент қаласында өтетін республикалық спартакиадада Ақтөбе облысының намысын қорғайды.
Жарыс жеңімпаздары:
Шағын футбол (ерлер) — Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі
Волейбол (ерлер) — Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжі
 Волейбол (әйелдер) — Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі
Үстел теннисі — ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі
Тоғызқұмалақ — Ақтөбе автожол колледжі
 Арқан тарту — Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі
Баскетбол — Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі
 Асық ату — Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі
Бес асық — Ақтөбе автожол колледжі
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!