
Алға ауданында 10-сынып оқушыларының қатысуымен оқу- жаттығу әскери-далалық жиыны аясындағы сабақтар жалғасуда. Биылғы іс-шараға шамамен 150 оқушы қатысуда. Олар Нұрбұлақ кентіндегі мектеп аумағында дайындықтан өтуде.
Жиынның мақсаты жоғары сынып оқушыларының бастапқы әскери дағдыларын қалыптастыру, тәртіптілік, төзімділік пен жауапкершілік қасиеттерін дамыту.
Қатысушылар роталар мен взводтарға бөлініп, жетекшілердің бақылауымен саптық дайындықты меңгеріп, тактикалық іс-қимылдардың негіздерін және жауынгерлік жағдайға жақын ортада әрекет етуді үйренуде.
Сонымен қатар практикалық сабақтарға ерекше көңіл бөлінуде: оқушылар саптық жүріс дағдыларын жетілдіріп, атыс дайындығынан өтіп, дене шынықтыру бойынша нормативтер тапсыруда.
Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып, олардың командалық рухын нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.