
«Жас жол инспекторлары–2026» облыстық байқауының салтанатты ашылуы №82 жалпы орта білім беретін мектепте өтті.
Іс-шараға 13 команда қатысты — оның 12-сі Ақтөбе облысының аудандарынан, ал 1 команда Ақтөбе қаласынан. Жалпы саны 90-ға жуық оқушы өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетті. Қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедті басқару шеберлігі, жас реттеуші дағдылары, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты бағыттар бойынша өз қабілеттерін танытты.
Байқау барысында жас инспекторлар әртүрлі кезеңдер бойынша жарысып, өз шеберліктерін дәлелдеді. Қатысушылар велосипед жүргізу, жол қозғалысын реттеу, алғашқы көмек көрсету және теориялық білім бойынша тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, эрудиттер турнирі аясында жол қауіпсіздігінің тарихы мен ережелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Барлық кезеңдерді арнайы құрылған білікті қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамына Білім басқармасының, Полиция департаментінің және салалық қызметтердің өкілдері кірді. Олар қатысушылардың білім деңгейі мен практикалық дағдыларын объективті түрде бағалады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.