
Ұлттық кітап күніне орай Ақтөбе облысында мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған ерекше әрі мазмұнды жоба - «Сырлы әлемге саяхат» өз жұмысын бастады.
Бұл бастама - баланы ерте жастан кітап әлеміне баулып, қиялын дамытып, рухани танымын кеңейтуді мақсат етеді.
Жоба аясында облыстағы барлық балабақшаларда күнделікті тынығу уақыты алдында ата-аналар мен ата-әжелер арнайы шақырылып, бүлдіршіндерге ертегілер оқып береді. Әрбір оқылған ертегі - баланың ішкі әлеміне жол тауып, оның арман-қиялын қанаттандыратын ерекше рухани көпір болмақ.
«Сырлы әлемге саяхат» жобасы тек кітап оқумен шектелмейді. Бұл - отбасы мен балабақша арасындағы байланысты нығайтатын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ұлттық тәрбие мен құндылықтарды дәріптейтін маңызды бастама. Балалар үлкендердің даусымен айтылған ертегілерді тыңдай отырып, мейірім, ізгілік, адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді.
Сонымен қатар жоба аясында қазақ халқының бай ауыз әдебиеті - ертегілер, аңыз-әңгімелер, батырлар жырымен қатар, әлем халықтарының таңдаулы шығармалары да оқылады. Бұл балалардың дүниетанымын кеңейтіп, түрлі мәдениеттермен танысуына мүмкіндік береді.
Жоба - болашақ ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын маңызды қадам. «Сырлы әлемге саяхат» - әр баланың жүрегінде ертегіге деген сүйіспеншілікті оятатын жарқын бастама.