Өңірдегі қала сыртындағы лагерьлер оқушыларды қабылдауға дайындалып жатыр

Өңірдегі қала сыртындағы лагерьлер оқушыларды қабылдауға дайындалып жатыр

Жазғы каникул қарсаңында өңірдегі қала сыртындағы лагерьлер оқушыларды қабылдауға дайындық жұмыстарын аяқтауда. Биыл жаз мезгілінде балалар үшін 7 қала сыртындағы лагерь және қосымша білім беру ұйымдары жанынан 49 жазғы алаң жұмыс істейтін болады.
Бір ауысымда қала сыртындағы лагерьлер 1 312 баланы қабылдай алады. Жалпы жазғы сауықтыру маусымы барысында 8 092 оқушыны сапалы әрі қауіпсіз демалыспен қамту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта лагерьлер дайындықтың қорытынды кезеңіне көшті. Аумақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері орнатылып және жаңартылуда, сондай-ақ инфрақұрылымды абаттандыру және дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, нысандардың санитарлық жағдайы, медициналық пункттердің дайындығы және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қатаң бақылауда. Барлық іс-шаралар балалардың қауіпсіз әрі қолайлы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Демалыстың қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, әлеуметтік жағынан осал санаттағы 2 214 бала қала сыртындағы лагерьлерде бюджет қаражаты есебінен демалуға мүмкіндік алады.
Жазғы маусымға дайындық тұрақты бақылауда, ұйымдастырушылық мәселелер жауапты қызметтер тарапынан жедел түрде пысықталуда.