
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған тәсілдерін ұсынды. Өзгерістер мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайтуға, қажетсіз рәсімдерді қысқартуға және кәсіби қызметті бағалаудың неғұрлым объективті жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа модельде педагогтердің басым бөлігі үшін пәндік білім бойынша міндетті тестілеу алынып тасталады. Сонымен қатар, тестілеу педагогикалық қызметке алғаш рет келетін түлектерге, қызметін қайта бастайтын педагогтерге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларына, олардың орынбасарларына және әдіскерлерге сақталады. Бағалау енді тест нәтижелеріне емес, педагогтің күнделікті жұмысына және оның білім сапасына қосқан нақты үлесіне негізделеді.
Сонымен қатар, аттестаттауға қойылатын талаптар қайта қаралуда. Эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу талаптары алынып тасталды. Бұл талаптар қосымша жүктеме туғызып, оқыту сапасына айтарлықтай әсер етпейтін.
Негізгі тетіктердің бірі – үдерісті толық цифрландыру. Барлық біліктілік санаттары бойынша аттестаттау мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Платформада еңбек өтілі, біліктілік, кәсіби жетістіктер, сертификаттар және портфолиоға қажетті басқа да мәліметтер автоматты түрде қалыптастырылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тестілеуден сәтті өтіп, шекті балл жинаған және портфолио тапсырған педагогтерге тиісті біліктілік санаты бойынша үстемақы 1 қыркүйектен бастап төленеді.
Алғашқы тестілеу қорытындысы бойынша шекті деңгейге жете алмаған, бірақ талаптарға сәйкес портфолиосы бар педагогтерге шілде айында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Егер қайта тестілеу нәтижесінде де шекті балл жиналмаса, тиісті біліктілік санаты берілмейді.
Сонымен қатар, қайта тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер ағымдағы жылдың қыркүйек айынан пилоттық режимде іске асырылатын жаңа модель аясында аттестаттауға қатыса алады. Тиісті бұйрық жобасы келісу кезеңінде.
Жаңа модельде ашық сабақтар саны мен біліктілік санаттарына байланысты біліктілікті арттыру сағаттарының көлемі де қысқартылады. Негізгі назар педагогтің практикалық нәтижелеріне, жобаларға қатысуына, тәрбие жұмысына және кәсіби тәжірибені таратуына аударылады.