
Хромтау ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және инклюзивті білім беруді дамытуға арналған «Шексіз мүмкіндіктер» фестивалі өтті.
Іс-шараның ашылуында педагогтер мен оқушылар дайындаған жобалар көрмесі ұсынылды. Көрмеде инклюзивті оқыту саласындағы тәжірибелік жұмыстар, оқушылардың шығармашылық туындылары және білім беру ортасын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері таныстырылды.
Фестивальдің ашылуында облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өңірде инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларды атап өтті.
«Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. 22 инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның және психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалы ашылды, инклюзивті білім беру кеңістігі кеңейіп, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері күшейтілуде.
Өңірде 4 арнайы балабақшада, 92 жалпы білім беретін балабақшада, 4 арнайы мектепте, 347 жалпы білім беретін мектепте және 15 колледжде 8 929 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала тәрбиеленіп, білім алуда. Сонымен қатар 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 15 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, аутизм орталығы мен оңалту орталығы жұмыс істеп, балаларға арнайы көмек көрсетуде», – деп атап өтті.
Фестиваль жұмысына Хромтау ауданының әкімі, облыстық білім басқармасының өкілдері, педагогикалық қауымдастық және ата-аналар қатысты. Бағдарлама аясында панельдік сессиялар, шеберлік сабақтары мен талқылаулар ұйымдастырылып, инклюзивті білім беруді дамыту, заманауи әдістерді енгізу және тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
«Әр бала – ерекше әлем» қағидатына негізделген бұл фестиваль білім сапасын арттыруға және әрбір бала үшін қолжетімді, қолдаушы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.