
Іс-шара қала тұрғындарын, педагогтерді, ардагерлерді, оқушылар мен ата-аналарды бір арнаға тоғыстырып, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани құндылықтардың шынайы көрінісіне айналды.
Жиналған қауымға құттықтау сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева:
«Бүгін, Наурыз мерекесі қарсаңында, біз бұл маңызды шараны “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында ашылған білім ордасында өткізіп отырмыз. Жаңа оқу жылын осындай заманауи мектептердің ашылуымен бастадық. Бұл білім ошақтары тек білім беруге ғана емес, оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Облыс әкімдігінің қолдауымен білім сапасын арттыруға және әрбір оқушының әлеуетін ашуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Әр шаңыраққа амандық, оқушыларымызға үлкен жетістіктер мен жарқын болашақ тілеймін», — деп атап өтті.
Бұл күні білім саласының үздік өкілдері жүйенің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мереке әрі қарай ұлттық дәстүрге бай мазмұнмен жалғасын тапты: сахнада ән шырқалып, би биленіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қонақтарға Наурыздың дәмі мен мәнін айшықтайтын ұлттық тағамдар ұсынылып, мерекелік көңіл-күй көркем шығармашылық нөмірлермен әрленді.