
Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні — Көрісу күнінде Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева педагогика саласының ардагері, мәдениет пен білімнің көрнекті қайраткері Аманжол Дүйсенұлы Исмағұловты арнайы барып құттықтады.
Көрісу күні — ақжарма тілек, ізгі ниет, үлкенге құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын ерекше күн.
Осындай мәні терең мерекеде бүкіл ғұмырын өңірдің музыкалық білім беру саласының дамуына арнаған тұлғаға құрмет көрсетіліп, жүрекжарды лебіздер айтылды. Аманжол Дүйсенұлы Исмағұлов — музыкалық білімнің дамуына, қазақ мәдениетін ұлықтауға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті педагог, музыкатанушы, ұйымдастырушы әрі ұлттық өнердің жанашыры. Ол ұзақ жылдар бойы білім саласында табанды еңбек етіп, 2008-2023 жылдары Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжін басқарды.
Оның басшылығымен оқу орны кәсіби музыкалық білім беретін жетекші оқу орындарының бірі ретінде өз беделін нығайтты.
Аманжол Дүйсенұлы музыкалық-теориялық пәндерді мемлекеттік тілде оқыта бастаған алғашқы мамандардың бірі болды. Ол сольфеджио, музыка теориясы мен музыкалық әдебиетті оқыту әдістемесінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның бастамасымен колледжде әлеуметтік- мәдени қызмет, жыраулар мектебі және гобой сыныбы секілді жаңа білім беру бағыттары ашылды. Оның қызметіндегі ерекше бір бағыт қазақ өнерін халықаралық деңгейде насихаттау. Аманжол Дүйсенұлының жетекшілігімен колледждің студенттік фольклорлық ансамблі Мәскеу мен Ташкент қалаларында өткен халықаралық фестивальдерде ұлттық музыканы лайықты таныстырды. Сондай-ақ ол Қырғыз Республикасында өткен «Рух-санат» дүниежүзілік конференциясында «Қазақтың көне музыкалық аспаптары» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық өнердің тереңдігі мен бай мұрасын халықаралық аудиторияға танытты.