
Онкүндіктің ашылуы М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернат базасында өткен «Көрісу — ұлттық дәстүр жаңғырығы» атты мерекелік іс-шарамен бастау алды.
Іс-шара ұлттық дәстүрлерді, қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және мәдени мұраға деген құрметті тәрбиелеуге бағытталды.
Мереке қонақтарын қазақ халқының озық дәстүріне сай жылы шыраймен, кең пейілмен қарсы алды. Іс-шараның ерекше әсерлі өтуіне дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларының әжелерінің қатысуы да айрықша рең берді. Олар қонақтарды шашумен қарсы алып, ізгілік пен береке, ақ ниеттің белгісін көрсетті.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген басқарма басшысы Бұлбұл Күзембаева өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және рухани құндылықтарды сақтауда аға буынның рөлін ерекше атап өтті.
«Бүгін біз балаларға салт-дәстүрді, даналықты, туған мәдениетке деген сүйіспеншілікті жеткізіп, өз өнегесімен жас ұрпақты тәрбиелеп отырған әжелерімізге ерекше құрметпен қараймыз. Немерелердің жетістігі — бұл, ең алдымен, әжелердің де жетістігі, олардың қамқорлығының, еңбегінің, мейірімінің және жан жылуының жемісі. Осындай ұрпақтар сабақтастығының арқасында балаларымыз тәрбиелі, талантты әрі рухани бай болып өсіп келеді», — деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Мерекелік бағдарлама мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстарынан құралған мазмұнды көрмемен, ұлттық өнер мен қолөнерге арналған шеберлік сағаттарымен, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүр байлығын танытатын мәдени-танымдық алаңдармен жалғасты.
Іс-шараның соңы жарқын мерекелік концертке ұласты. Ән мен өнер, ұлттық нақыштағы шығармашылық нөмірлер арқылы қатысушылар мерекенің рухын, дәстүрге деген құрметті, бірлік пен татулықтың, ұрпақтар сабақтастығының құндылығын кеңінен насихаттады.
Ақтөбе облысында Наурызнама онкүндігінің басталуы ұлттық мұраға деген ұқыпты көзқарастың, рухани бірліктің және халықтың озық дәстүрлерін жас ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылыстың жарқын көрінісіне айналды.