
Бұл күні ұстаздар өздеріне үйреншікті емес рөлде болды. Күн сайын шәкірттеріне білім беріп, қолдау көрсетіп, жас ұрпақты шабыттандырып жүрген жандар бүгін өздері құттықтаулар мен жүрекжарды алғыс сөздерді қабылдады.
Шығармашылық академиясында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шара өңірдің педагогикалық қауымдастығының өкілдеріне олардың абыройлы еңбегі мен білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Бүгінде облыстың білім беру жүйесінде 29 мыңға жуық педагог еңбек етсе, олардың 22 277-сі – әйелдер. Олар мектептерде, балабақшаларда, қосымша білім беру ұйымдарында, колледждерде және басқа да білім беру мекемелерінде жұмыс істеп, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып келеді.
Мерекелік шараны Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева ашып, жиналған қауымды алдағы мерекемен құттықтап, облыс әкімі атынан жылы лебізін жеткізді.
Өз сөзінде ол қазіргі қоғамдағы әйел-педагогтің айрықша рөлін атап өтті.
«Бүгінде әйелдер әлемдегі барлық мамандықтарда табысты еңбек етіп келеді. Алайда олардың еңбегі әсіресе білім беру саласында ерекше маңызға ие. Олар мектептерде, балабақшаларда жұмыс істейді, колледждерде дәріс береді, техникалық бағыттарды меңгеріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Әйел-педагог тек білім беріп қана қоймай, рухани құндылықтарды қалыптастырып, болашақ ұлтты тәрбиелейді. Сондықтан олардың қоғамдағы орны ерекше», – деді.
Салтанатты шара барысында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтер марапатталды. Барлығы 23 педагог облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Amanat» партиясының және Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің алғыс хаттары мен грамоталарымен марапатталды.
Құттықтауларды мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, қосымша білім беру педагогтері, колледж оқытушылары мен білім беру ұйымдарының мамандары қабылдады.
Мереке қонақтарына шығармашылық ұжымдар мен жас өнерпаздардың қатысуымен жарқын концерттік бағдарлама ұсынылды. Жылы лебіздер, әсерлі музыкалық нөмірлер және оқушылардың ұстаздарға көктемгі гүл шоқтарын тарту етуі кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Бұл мерекелік іс-шара әйел-педагогтің еңбегі білім беру жүйесінің дамуы мен ел болашағын қалыптастырудағы маңызды негіз болып қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.