
Бүгін Ақтөбе қаласындағы №80 мектепте «Мемлекеттік мет ел болашағын қалыптастыратын таңдау» атты мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерімен кездесу өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен Ақтөбе облысының білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты жоғары сынып оқушыларына мемлекеттік қызметтің қоғам дамуындағы рөлін түсіндіру, адалдық, жауапкершілік, тәртіп секілді құндылықтарды ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығын жеткізу және кәсіби бағдар беру жұмысын жүйелеу.
Алғашқы сөзді Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева алып, жастардың саналы мамандық таңдауына бағыт-бағдар берудің маңыздылығына тоқталды.
Кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов «Мемлекеттік қызмет ел болашағын қалыптастыратын таңдау» тақырыбында дәріс оқып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілікті миссия екеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру тәртібі, сұранысқа ие мамандықтар, қажетті дағдылар және eQyzmet порталының мүмкіндіктері туралы түсіндірілді.