
Бүгін Шығармашылық академиясында «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Айқын нәтиже» профилактикалық жобасы аясында кеңейтілген кездесу өтті.
Кездесуді Бұлбұл Күзембаева – Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы жүргізді.
Іс-шараға облыс прокуратурасы, полиция департаменті, жастар саясаты мәселелері басқармасы, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесі жан-жақты талқыланды. Өңірде жасөспірімдердің заңға мойынсұнушылық мінез-құлқын және рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының іске асырылу барысы атап өтілді.
Жиында Алматы облысының Талғар ауданында пилоттық түрде жүзеге асқан «Заң және тәртіп» жобасын IV тоқсаннан бастап өңірдің 80 білім беру ұйымына (50 мектеп, 30 колледж) енгізу жоспарланып отырғаны айтылды. Жобаға 72 365 жасөспірім қамтылып, профилактикалық сабақтарды прокуратура мен полицияның бұрынғы қызметкерлері жүргізетін болады.
Құқықбұзушылықтарға жүргізілген талдау нәтижесінде ата-аналардың жауапкершілігінің төмендігі, отбасының қолайсыздығы, интернет пен әлеуметтік желінің теріс ықпалы және бос уақыттағы бақылаудың әлсіздігі негізгі факторлар ретінде анықталды.
Осыған байланысты елімізде Бас прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» жобасының маңызы ерекше екені атап өтілді. Жобаның басты мақсаты – формализмнен бас тартып, нақты проблемалық аумақтарда құқықбұзушылық деңгейін жүйелі түрде төмендету.
Кездесу аясында Ақтөбе облысының әкімдігі, прокуратурасы, полиция департаменті және өңірдегі жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум аясындағы жұмыстар пысықталды. Құжат құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және студенттік-волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған.
Жиын соңында бірлескен алдын алу шараларын жүйелі түрде ұйымдастыру, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берілді.