
Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында болашақ мамандықты саналы таңдауға бағытталған және жасөспірімдерді еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттармен таныстыруды көздейтін жүйелі кәсіби бағдар беру жұмыстары жалғасуда.
Осындай іс-шаралардың бірі ретінде №38 жалпы білім беретін орта мектебі мен Ахмет Байтұрсынов атындағы лицей-гимназиясының 9-сынып оқушыларына арналған «Сарқыт» отбасылық мейрамханасына кәсіби бағдар беру экскурсиясы ұйымдастырылды. Кездесу қоғамдық тамақтану саласы өкілдерімен ашық диалог форматында өтті.
Экскурсия барысында оқушылар аспаз, кондитер, даяшы, әкімші секілді сұранысқа ие мамандықтармен танысты.
Олар аталған кәсіптердің кәсіби талаптары, жұмыс ерекшеліктері, еңбек жағдайы мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы мағлұмат алды.
Мейрамхана қызметкерлері өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, мамандыққа келу жолы туралы әңгімеледі. Сондай- ақ табысты болудың басты шарттары — таңдаған іске қызығушылық, жауапкершілік және үнемі дамуға ұмтылыс екенін атап өтті.