Ауыл мектебінен - республикалық абсолютті жеңіске!

Ауыл мектебінен - республикалық абсолютті жеңіске!

Ырғыз ауданына қарасты Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы Даниярбек Мағжан Нұрлыбекұлы 2024-2025 оқу жылында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық және республикалық кезеңдерінде география пәнінен І орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Ал 2025-2026 оқу жылында бұл жетістігін еселей түсіп, ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде география пәнінен тағы да І орынды жеңіп алды.

Ең бастысы Мағжан аталған олимпиаданың екі мәрте абсолютті жеңімпазы атанып, Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы университеттің (Satbayev University) мемлекеттік білім грантының иегері болды. Бұл ауыл баласының қажырлы еңбегі мен жоғары білімге деген ұмтылысының нақты нәтижесі.

Көпбалалы отбасында тәрбиеленген, үйдің үлкені ретінде жауапкершілікті ерте сезінген Даниярбек бос уақытында сурет салумен және шахмат ойнаумен айналысады. Оның басты мақсаты жоғары оқу орнына түсіп, еліне адал қызмет ететін білікті маман болу.

Болашағын инженерия саласымен байланыстырған талапты жас Қ.Сәтбаев атындағы университетке құжат тапсырып, «Инженер-технолог» мамандығын таңдауды жоспарлап отыр.

Мағжанның жетістігі ауыл мектебінің әлеуеті жоғары екенін дәлелдейтін үлкен жеңіс, ал оның табандылығы мен білімге деген құштарлығы баршамызға үлгі.