
Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Талдысай ауылындағы мектеп мұғалімі Бірлік Солтан мал сүйектерінен кәдесый жасап, оқушыларға дәстүрлі қолөнерді меңгертуде.
Ұстаз 25 жылдан бері сүйек өңдеумен айналысады және 5-9 сынып оқушыларына арналған қолданбалы өнер үйірмесін жүргізеді. Аптасына төрт сағат өткізілетін сабақтарда балалар сүйекті тазалау, кептіру және өңдеу әдістерін үйренеді.
Шебердің айтуынша, кейбір сүйектердің табиғи пішіні жануар бейнесін еске салады. Мәселен, Жылқының қарақұсы бір қарағанда сиырға, екінші жағын айналдырғанда қошқарға ұқсайды. Ал сиырдың ауыз омыртқасынан мысық пен қыран құсты көреміз. Бір сүйектен екі түрлі кәдесый жасауға болады.
Дайын бұйымдар аудандық музейде және Алматыдағы өнер музейінде қойылған. Сонымен қатар шебер қой жауырынына өрнек ойып, үстел үстіне арналған сәндік заттар, ал ешкі мүйізінен пышақ қыны секілді тұрмыстық бұйымдар жасайды.
Ұстаз бұл өнерді әкесінен үйренгенін және ата-бабалар табиғи ресурсты толық пайдаланғанын атап өтті.