
Хромтау ауданында ерекше білім беруді қажет ететін 30 балаға заманауи GPS-трекерлер табысталды. Бұл құрылғылар баланың жүрген орнын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беріп, оның үйден немесе мектептен тыс жерде жүріп-тұруы кезінде қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу №4 орта мектеп базасында өтіп, балаларды қолдау, қауіпсіздігін сақтау және олардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне арналды.Іс-шара барысында басқарма басшысы 30 GPS-трекерді табыстап, қауіпсіздікті жүйелі қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті:
«Біз үшін әрбір баланың қауіпсіздігі — басты басымдық. Ата-аналар балаларының қорғалғанына сенімді болатындай, ал балалар өздерін жайлы әрі қауіпсіз ортада сезініп, толыққанды дами алатындай жағдай жасауымыз керек», — деді Бұлбұл Күзембаева.
Сондай-ақ ол заманауи цифрлық құрылғыларды қолдану ата-аналарға төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретінін және күнделікті өмірде тыныштық сыйлайтынын атап өтті.
Кездесу достық және жылы атмосферада өтті. Ата-аналар пайдалы ақпарат алып, қолдау көрді, ал шара жас өнерпаздардың әсерлі күйлері мен әсем әндерімен аяқталып, қонақтардың көңіл күйін көтере түсті.
Бүгінде өңірде инклюзивті білім беруді қолдау бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып келеді. Мектептерде арнайы кабинеттер ашылып, жаңғыртылуда, қолжетімді білім беру орталары құрылуда, педагогтардың біліктілігі артып, әрбір баланың жеке әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа әдістемелер мен технологиялар енгізілуде.