«Ұстазға алғыс!» апталығы аясында Білім басқармасы ұстаздарға құрмет көрсетті

«Ұстазға алғыс!» апталығы аясында Білім басқармасы ұстаздарға құрмет көрсетті

Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытында биыл жаңа бастамалар қолға алынуда. Соның аясында Ақтөбе облысының білім басқармасында «Ұстазға алғыс!» атты тағылымды шара ұйымдастырылды.

Шараға басқарма қызметкерлерінің алғашқы ұстаздары шақырылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді. Мерекелік дастархан жайылып, музыкалық құттықтаулар ұсынылды.

Ардақты ұстаздарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.Басқарма басшысы Бұлбұл Күзембаева ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жас ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбектері үшін алғыс білдірді. Айта кетейік, Бұлбұл Бисембайқызының алғашқы ұстазы – Қорғантұз орта мектебінің ардагер ұстазы Фанария Ибраһимқызы Бөртебай да арнайы келіп, шәкіртінің ыстық ықыласына бөленді.

Еске сала кетейік, елімізде 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында «Ұстазға алғыс!» апталығы өтуде. Апталық аясында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, сондай-ақ ұлттық компаниялар өз қызметкерлерінің ұстаздарын шақырып, мерекелік шаралар ұйымдастыруда.