Асхат Шахаров Хромтау ауданындағы мектептердің жағдайын бағалады

Асхат Шахаров Хромтау ауданындағы мектептердің жағдайын бағалады

18 қыркүйек күні Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар білім беру мекемелерінің жағдайымен танысты.

Іссапар барысында әкім ең алдымен Тасөткел орта мектебіне барды. Бүгінгі күні аталған білім ордасында 105 оқушы білім алуда. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұған дәлел мектеп оқушыларының ғылыми жобаларға белсенді қатысуы. Олар бұған дейін «Ақылды шахтер каскасы» мен «Қорғаныш капсуласы» жобаларын әзірлеп, облыстық деңгейде таныстырған болатын. Қазіргі таңда да мектеп оқушылары «Ай кратеріндегі биостанция» атты тың жобасын ұсынды. Бұл жоба Ай бетінде биостанция құрып, тіршілік ету ортасын бақылау және автоматтандыру моделін қарастырады. Жобаның басты мақсаты ғарыштағы өмірді, қоршаған ортаның көрсеткіштерін бақылауды және автоматты жүйелердің жұмысын оқушылар мен студенттердің тәжірибелік тұрғыда меңгеруіне ықпал ету.