EuroSkills Herning 2025 халықаралық чемпионатындағы Қазақстанның тарихи жетістігі: ақтөбелік студент жеңімпаздар қатарында

EuroSkills Herning 2025 халықаралық чемпионатындағы Қазақстанның тарихи жетістігі: ақтөбелік студент жеңімпаздар қатарында

 

Данияда өткен кәсіби шеберліктің ІХ Еуропалық чемпионатында EuroSkills Herning 2025 Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет бірден 7 «Үздік медальонды» жеңіп алды. Бұл – еліміздің тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Ерекше мақтаныш тудырған жетістік – ақтөбелік Бағыжан Қойшыбаев, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті. Ол «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша марапатқа ие болды. Бұл жеңіс өңір жастарының дайындығының жоғары деңгейін және қазақстандық колледждердің әлеуетін айқын көрсетті.

Чемпионатқа 32 еуропалық елден 25 жасқа дейінгі 600- ге жуық үздік маман қатысты. Қазақстандық студенттер веб-технологиялардан бастап мехатроникаға, инженерлік CAD дизайннан дәнекерлеу технологиясы мен мейрамхана сервисіне дейінгі 25 құзыреттілік бойынша бақ сынады.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұлттық құраманы жеңісімен құттықтап, бұл жетістік колледждердің заманауи кадрлар даярлау орталықтарына айналғанының айқын дәлелі екенін және қазақстандық студенттердің халықаралық аренада сенімді түрде бәсекеге қабілетті екенін атап өтті.