«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры еліміздің өңірлерінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға жүйелі қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.
Бүгін қор өкілдері Ақтөбе облысына келіп, жүзеге асырылған бастамалардың нәтижелерімен танысып, әлеуметтік нысандардағы жобалардың тиімділігін бағалады.
Ақтөбе облысы цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға арналған пилоттық жоба іске асырылған еліміздегі алғашқы өңір болды.
Атап айтқанда, қордың қолдауымен тірек мектеп - Мартөк орта мектебі №1 толық жаңартылды, ал Казанка және Аққайың ауылдарындағы магниттік мектептердің кабинеттері ішінара жаңартылды.
Аудан орталығындағы №1 мектепте барлығы 29 оқу кабинеті жаңартылды. Әрбір кабинет заманауи жабдықтармен, көрнекі стендтермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен және үлестірме материалдармен толықтырылды.
Жаратылыстану пәндері кабинеттерінде заманауи құрал-жабдықтар мен реактивтер орнатылды. Енді химия сабақтарында оқушылар тек стандартты тәжірибелерді ғана емес, сонымен қатар хош иісті композициялар, хош иісті ваннаға арналған бомбочкалар мен әтір жасау арқылы зерттеу дағдылары мен шығармашылық ойлауын дамыта алады. STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттерінде балалар бағдарламалау, құрастыру және инженерлік жобалау дағдыларын меңгеруде.