«Саяжай-1» тұрғын алабындағы 300 орындық мектеп халық көптен күткен нысан. Мұнда да педагогтер мен оқушыларға барлық жағдай бар. Шығармашылық және тәжірибелік тұрғыда дамуға ерекше көңіл бөлінген. Жаңа мектеп табалдырығын 503 оқушы аттап, олардың білім алуы мен тәрбиесі 40 білікті педагогке сеніп тапсырылды.
Өңір басшысы әр кабинетпен танысып, оқушылармен сөйлесті. Ата-аналар дән риза. «Балаларымыз енді алысқа қатынап оқымайды» дейді.
«Өткен оқу жылында 10 451 түлек мектеп бітірсе, жаңа оқу жылында 19 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сондықтан біз білім инфрақұрылымын дамытып, балаларға сапалы білім алуға барлық жағдайды жасауға міндеттіміз. Мәселен, соңғы екі жылда 8 040 орынға арналған 20 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 20 мектептің құрылысы аяқталады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 мектептің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, қолданыстағы мектептерді жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазірдің өзінде 7 мектепте ауқымды реновация жұмыстары жүргізілді. Жаңа оқу жылына 56 ауыл мектебі жаңғыртылды. Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Жаңа оқу жылы барша ұстаздар үшін табысты, шәкірттер үшін жемісті болсын», – деді өңір басшысы.