«Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылуы өтті

«Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылуы өтті

Ақтөбе қаласының К.Нокин ауылындағы №65 орта мектепте Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Бұл жоба Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қолдауымен жүзеге асырылып, өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін арттыруға және құқық қорғау органдарына деген қызығушылығын оятуға бағытталған.

Жаңа сыныпқа оқу үлгерімі, тәртібі және ынтасы жоғары 25 оқушы іріктеліп алынды. Салтанатты іс-шарада арнайы полиция формасын киген оқушыларға куәліктер табысталып, салтанатты түрде ант қабылдады. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің формасын кию бұл бағыттың маңыздылығы мен жауапкершілігін көрсетеді.

Ерлік тарихқа деген құрмет пен патриоттық тәрбиенің белгісі ретінде Абай Жусупов мектепке Әлия Молдағұлованың мүсінін тарту етті. Бұл сыйлық — Отанға адалдықтың, батырлық пен әділет жолындағы табандылықтың символына айналды. Мұндай қасиеттер болашақ құқық қорғаушыларға тән болуы тиіс.