Жазғы демалысты ұйымдастыру

Жазғы демалысты ұйымдастыру

Жазғы демалыс - балалар үшін тек тынығу уақыты ғана емес, сонымен қатар олардың дамуына, шығармашылығын арттыруға, жаңа дағдылар игеруге зор мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы орайда Ақтөбе облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға кешенді түрде көңіл бөлініп отыр.

Облыстық білім басқармасы 10 мемлекеттік органмен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Сонымен қатар, ведомствоаралық штаб құрылып, өткен жылдың тәжірибесіне сүйене отырып, нақты жұмыс алгоритмі жасалды. Лагерь қызметкерлерін даярлау, демалыс нысандарын қабылдау кестесі де алдын ала бекітілді.

Өңірде 1-10 сынып аралығындағы 174 959 оқушының жазғы кезеңде 291 497 қатысуы жоспарланған. Бұл бір баланың бірнеше бағыттағы шараларға қатысуы есебінен. Жалпы, жазғы демалыс кезеңінде 171 809 бала бір қызмет түрімен қамтылады. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 228,1 млн теңге бөлінген.

Облыста 7 (2 мемлекеттік, 5 жекеменшік) қала сыртындағы сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь (оның ішінде 305-і тамақпен қамтылған, 394-і бейінді лагерь), сондай-ақ 49 қосымша білім беру ұйымы жанындағы жазғы алаң жұмыс істеуде.

Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың 98%-ы жазғы демалыспен тегін толық қамтылады.