Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері 1 шілдеден бастап елімізде бала асырап алудың жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілетінін хабарлады. Бұл – балалар үшін қауіпсіз әрі үй жағдайындағы орта қалыптастыруға бағытталған уақытша шара. Мұндай отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады, әр балаға жеке көңіл мен қамқорлық көрсетіледі.
Кәсіби қабылдаушы отбасы болуға үміткерлер міндетті түрде психологиялық даярлықтан өтуі тиіс. Бұл даярлық жетім балаларға арналған мамандандырылған мекемелер мен балаларды отбасына орналастыруға жәрдемдесетін аккредиттелген ұйымдарда жүргізіледі.