
Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешінінің алаңында өткен шарада ағаш үйлер тігіліп, халықтық серуен ұйымдастырылды. Наурыз тойлауға жиналған аудан тұрғындарына барлық мекемелер наурыз көже таратты. Алаңда кітап жәрмеңкесі өткізіліп, мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алған шағын кәсіпкерлік иелері де халыққа өнімдерін ұсынды. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Камшат Дөнентаева, Қажымұқан атындағы және “Ырыс шаңырағы” атты киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді наихаттаған көрме ұйымдастырылды.
Сахнада наурыз мерекесіне арналған театрландырылған көрініс көрсетіліп, “Көктем”, “Шаңырақ”, “Торсық”, “Бата алас” компазициялары сахналанды. Мерекелік концертте аудан әкімі Айбек Көпенов тұрғындарды наурыз мерекесімен құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Аудан әкімінің алғыс хатымен еркін күрестен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Бектемір Нұрсәт, жүзуден республикалық жарыстардың жеңімпаздары Марат Алдияр, Дүйсенбин Бауыржан марапатталды. Сонымен қатар мереке алаңына ерекше ұлттық киім киіп келген қонақтар “Ең үздік ұлттық киім” номинациясымен марапатталып, дипломдар табысталды. Құрылған ағаш үйлер де “Ғажайып ақ шаңқан”, “Ең үздік алтын үзік”, “Ұлт дәстүрін ұлықтаған ұраңқай”, “Ырысы мол ақ орда”, “Керемет киелі орда” номинацияларымен мараратталды. Аудан өнерпаздары көпшілікке өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.
Спорт алаңында гір көтеру, арқан тартыс, қол күресі мен қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылды.