Қазіргі кезде жылдам ақша табу арқылы табысын молайтып аламын деп құмар ойындар ойнайтындар аз емес.
Бұл – бүгінгі қоғам дерті.
Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойын құмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелді адамдар нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады.
Алайда, осы жолда адасқан адамдар тек ақшадан емес, өмірінен айырылады. Елімізде осы ойындардың әсерінен бір-бірінен ажырап немесе өз-өзіне қол жұмсап жатқандар да аз емес.
Құмар ойындардан келетін қауіп үлкен екені талай айтылып жүр.
Мұндай ойын түрлері заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғайып барады. Оған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды.
Адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіндердің саны артып келеді.
Сөйтіп жүріп жиған-тергенінен, дүние мүлкінен, ең бастысы, абырой-беделінен, отбасынан айырылады.
Алғашқы кезде құмар ойын ойнайтын адам тәуелділікті мүлдем байқамайды және оны мойындамайды. Ол бастапқыда көңіл көтеру үшін жәй қызығушылық болып басталып, кейін бұл сезім арта түседі. Құмар ойынды көбісі табыс көзі ретінде көреді.
Мұндай қызығушылыққа кезігу бірінші кезекте адамның өзінің тауып алған ортасына да байланысты. Еліктегіш адамдар тез ұшырайды. Өз принципі жоқ, терең ойлай алмайтын, саяз адамдар ортасы.
Сол орта оған моральді және материалдық тұрғыда «қолдаса», атап айтқанда сендіру, еліктіру арқылы, мысалы «менің қолымнан келді, сенің де қолыңнан келеді», «біз де ойнап ұтып жүрміз, ақшаға қарық боламыз, пайда көп», «бір рет көрейік, ұтылсақ қоя саламыз, бірге көрейік» деген ойлармен алдаусыратып, қызықтырады.
Құмар ойындарға тәуелділік – бұл өз бетімен емделмейтін ауыр психикалық ауру. Өтініш айту, жылау, талап ету және бопсалау көмектеспейді. Шамадан тыс табандылық та тек жағдайды күрделендіреді.
Сондықтан құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге болады және күресу керек. Емдеу нәтижесінде науқас тәуелділіктің әлсірегенін немесе толық жойылғанын, психикалық және физикалық денсаулығының қалпына келгенін, жаңа өмірлік ұстанымдардың пайда болуы сияқты өзгерістерді бастан кешіреді.
Әрине, бәрі бірден бола салмайды, шешілмеген мәселелерде қалуы мүмкін.
Сонымен қатар құмар ойындарға тәуелділіктің қайталануын да жоққа шығаруға болмайды. Алайда оның барлығы адамның өзіне, ішкі күш-жігеріне, өзін басқара алуына байланысты.
Байғанин аудандық прокуратурасы