Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік қызметке орналасудағы артық кедергілерді жою, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдына міндеттер қойған болатын.
Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алынып, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектерге (кем дегенде В+ бағасымен) оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі беріліп отыр. Яғни олар облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органның басшылық емес лауазымдарына, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына, орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымдарына орналаса алады. Бұл білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарымызды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық, әсіресе, ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізетін болады.
Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметтің баршаға қол жетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын талаптар қайта қарастырылып, әсіресе аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдардың еңбек өтіліне, біліміне қойылатын талаптары жеңілдетілді.
Сондай-ақ, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары үлгерім көрсеткен түлектер оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде, өңірдегі жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалатын болады және «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Қорытындылай келгенде, мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын таппақ және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилілігін одан әрі арттыруға қатысты шаралар тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Әмидан Света Тұрлыбайқызы
Байғанин ауданы әкімі аппаратының
персоналды басқарудың бірыңғай қызметі
(кадр қызметі) құрылымдық бөлімшесінің басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл